«Жігіттер» квартетінің мүшесі Айдар да, тың бағытқа бет бұрып жатыр. Аталмыш төрттіктің серісі енді ағылшынша ән шырқамақ. Тыңдарманға тек қазақша лирикалық туындыларымен танылған өнер иесі, өзге тілдегі туындыны акцентсіз орындай алды ма?
Жеке шығармашылығына белсенді түрде бетбұрған Айдар, кезекті клипінде жүрегі жабырқаулы жандардың мұңыын жеткізбек ниетте. Әнші жаңа видеосы арқылы қоғамдағы өзекті мәселені таңдаған. «Аман жүр анашым» атты туындысы – жетім баланың шешесіне жолдаған хаты турасында.
Айдар Тұрғанбек, «Жігіттер» тобының әншісі:
-Жалпы мен бұл идеяны шет елден алдым. Әнін емес, тек қана идеяны. Осылай істеген екен. Және де бұл шет елде өте керемет жеміс берген екен бұл ән. Бұл бағыт.
Бұл бейнебаян қазақ және ағылшын тілдерінде шырқалмақ. Ән шумақтарын Айдардың өзі орындаса, қайырмасын айту балалардан құралған хорға тиесілі.
Айдар Тұрғанбек, «Жігіттер» тобының әншісі:
-Неге екі тілде жазылды десеңіз, бүкіл әлемге жібергім келіп отыр бұл клипті. Және де бүкіл әлем бойынша жетім балалар азайса. Енді қолымыздан келгенше таратамыз. Шет елде достарымыз бар. Мен соларға жіберемін. Олар достарына жібереді деген сияқты.
Бейнебаянда бой көрсеткен оқушылардың ағылшыншасы көңіл қуантарлықтай болғанымен, Айдардікі мәз емес. Мектепте неміс тілін меңгеріп өскен әнші, барынша акцентсіз айтудың айла-тәсілін табуға тырысқан.
Айдар Тұрғанбек, «Жігіттер» тобының әншісі:
-Сөздерін қазақшаға аударып алдым. Мысалы, «Then» дегенді «З-э-н» қазақшаға жаздым да, солай айтып шықтым. Ән айту үшін ағылшыншаға бару керек. Тіл үйрену керек екен.
Жетімдердің мұңын жырлайтын бейнебаян дәл қазір монтаждалу үстінде. Айдардың ағылшын тіліндегі алғашқы жұмысы, бір айдың көлемінде ғаламторға жүктеледі.